Егер көлік өртенсе: ТЖМ кеңес береді

Егер көлігіңіз жүріп келе жатып өртенсе, үрейге бой алдырмаңыз – дұрыс әрекет етіңіз. Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары капот астынан түтін шығып немесе салоннан күйік иісі сезілсе не істеу керектігін түсіндірді, деп хабарлайды KazTaspa.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұндай жағдай кез келген адамның басынан өтуі мүмкін – бастысы, абдырап қалмай, өзіңізді, жолаушыларды және көлігіңізді қорғау жолдарын білу. Көлік өртенген жағдайда не істеу керек:
- Сабыр сақтаңыз. Үрей – ең қауіпті жау. Жылдам, бірақ асығыссыз әрекет ету маңызды.
- Көлікті тоқтатып, қозғалтқышты бірден өшіріңіз. Бұл жалынның таралуына жол бермейді.
- Жолаушыларды дереу сыртқа шығарыңыз. Бәрі көліктен кемінде 10 метр қашықтыққа шегінсін.
- 112 нөміріне қоңырау шалыңыз. Оқиға туралы хабар беріңіз – құтқарушылар жолда.
- Егер от енді ғана тұтанып жатса, өрт сөндіргіш арқылы өзіңіз сөндіруге тырысыңыз. Бірақ өз күшіңізге сенімді болмасаңыз – қауіп төндірмеңіз.
- Капотты кенеттен ашпаңыз. Ауа кірсе, от лаулап өршіп кетуі мүмкін.
- Салон ішінде өрт шықса – терезе мен есіктерді ашуға асықпаңыз.
Кей жағдайда от ауа жетіспеушілігінен өздігінен сөніп қалуы мүмкін, бұл өрт сөндірушілер келгенше уақыт ұтуға мүмкіндік береді.
«Автокөлік өрттері әртүрлі себептермен болады: қысқа тұйықталу, қызып кету, отын жүйесіндегі ақаулар. Әсіресе жаз мезгілінде, ыстықта жиі кездеседі. Біз әрқашан көлікте жұмыс істейтін өрт сөндіргіш болуын, көлік қолғалқышының сымдарын тексеріп тұруды және күйік иісіне бейжай қарамауды ұсынамыз», – деп ескертті ТЖМ өкілдері.