100 теңгеге қуаттау: Алматыда электромобильдерге арналған станциялар көбейеді

Shutterstock фото на taspanews.kz от 22 мая 2025 13:00
Фото: Shutterstock

Алматыда электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту белсенді түрде жүргізілуде. Биылдың өзінде қалада қуаттылығы 60 кВт және одан жоғары болатын 311 жаңа қуаттау станциясы орнатылады, деп хабарлайды Taspanews.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Бұл — электромобиль иелері үшін тамаша жаңалық. Енді көлікті қуаттау анағұрлым оңай әрі ыңғайлы болады, әсіресе қаланың халық көп шоғырланған орындарында.


«Қуаттау станциялары адамдар жиі жиналатын жерлерге — базарлар, саябақтар, кафелер және басқа қоғамдық орындардың маңына орнатылады. Әр станция екі автотұрақ орнына есептелген, бұл жүргізушілердің кезекте тұрмауына мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру үшін “Алматы” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 311 жер телімін бөліп, оларды конкурс арқылы өткен жергілікті инвесторларға тапсырды. Инвесторлар бұл телімдерді 4 жыл мерзімге пайдалана алады, әрі қарай ұзарту мүмкіндігі бар», – деді әкімдікте.

Бір станцияны орнату құны кемінде 10 миллион теңгені құрайды. Ал пайдаланушылар үшін қуаттау бағасы ҚҚС-ты қоса алғанда, 1 киловатт үшін 100 теңгеден аспайды. Бұл барлық электромобиль иелері үшін тиімді әрі қолайлы шешім болмақ.


«Қазіргі таңда Алматыда 300-ден астам қуаттау станциясы жеке аумақтарда жұмыс істеп тұр. Жаңа бағдарлама іске асқаннан кейін қаладағы қуаттау құрылғыларының жалпы саны 600-ден асады»,  – деп атап өтті баспасөз қызметі.

Бұл — маңызды қадам, себебі ресми статистикаға сәйкес, 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Алматыда 8 385 электромобиль тіркелген. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғыдан 1,5 есе жоғары.


Следите за новостями Taspanews