Жамбыл облысындағы Қалалық көпсалалы аурухана қызметкерлері сотталды

Фото: Pexels

Жамбыл облысындағы Қалалық көпсалалы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары қылмыстық жолмен алған қаражатты заңдастыру фактісі бойынша сотталды, – деп хабарлайды Taspanews.kz ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігіне сілтеме жасап.


Тараз қалалық сотында Жамбыл облысының Қалалық көпсалалы ауруханасы бас дәрігерінің экономикалық және әкімшілік-шаруашылық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары мен бас бухгалтеріне қатысты үкім шықты. Олар 758 млн теңгеден астам бюджет қаражатын «Қайрат Құрылыс-ҚК» ЖШС аффилирленген кәсіпорнына заңсыз аударған. Бұл жалған құжаттар бойынша жүзеге асты.


Сонымен қатар, бас дәрігердің орынбасары қылмыстық жолмен алған қаражатты заңдастыру бойынша айыпталып, сотталды.


Сот үкімімен айыпталушылар 9 және 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ендігі кезекте, олар қаржылық қызметке байланысты лауазымдарды 10 жыл мерзім ішінде атқара алмайды.


Заң күшіне енбегендіктен, айыпталушылар күнәлі болып танылмайды.


"Сонымен қатар, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі", – делінген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарламасында