Зайсан көлінде заңсыз балық аулаған топтар ұсталды

Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан көлінде заңсыз балық аулағандардың әрекеті тоқтатылды, – деп хабарлайды KazTaspa.kz Polisia.kz сілтеме жасап.
Көлде жүргізілген браконьерлікке қарсы бағытталған жедел алдын алу шаралары нәтижесінде үш топ қолға түсті. Олардың тыйым салынған аймақтарда балық аулау құралдары мен моторлы қайықты қолданып, заңсыз кәсіппен айналысқаны анықталды.
Браконьерлер Тарбағатай ауданының Қарақой ауылы маңында көксерке, шортан, табан балықтарын заңсыз аулаған. Жалпы салмағы 130 келі балық тәркіленді. Келтірілген залал 700 мың теңгеге бағаланды.
Марқакөл ауданы Шеңгелді ауылы маңында екі браконьерлік топ ұсталды. Бірінші топтан мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ көлік, моторлы қайық тәркіленді. 117 келі балық заңсыз ауланған. Материалдық шығын 780 мың теңгені құрады. Екінші топ 50 келіден астам балық алынды. Олар 322 мың теңге залал келтірген.
«Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта тергеу органдары барлық мән-жайларды анықтап, кінәлі тұлғаларды заң аясында жауапкершілікке тарту шараларын жүргізіп жатыр»,
делінген ресми хабарламада.