Суармалы судың тарифы Су ресурстары мен ирригация министрлігімен реттелетін болады

Фото: Pexels

Суармалы су бойынша су беру, суды егістікке жеткізу, гидротехникалық құрылыстардың көмегімен жерүсті ағынын реттеу саласында мемлекеттік бақылау ҚР Су ресурстары мен ирригация министрлігі тарапымен жүзеге асатын болады, – деп хабарлайды KazTaspa.kz ресми ақпаратқа сілтеме жасап.


Ендігі кезекте бұл міндетті Ұлттық экономика министрлігі орындамайтын болады.


Тарифтерді қарау мен бекіту, тексерулер жүргізу, Мемлекеттік тізімге енгізу ҚР Су ресурстары мен ирригация министрлігімен жүзеге асады. Қазіргі таңда министрлік табиғи монополия субъектілерінің қызметін жүзеге асыру тәртібін әзірледі.


«Қазіргі уақытта министрлік тарифтерді қалыптастыру ережелерін, табиғи монополия субъектілерінің қызметін жүзеге асыру тәртібін, реттелетін қызметтерді ұсыну жөніндегі үлгілік шарттарды, инженерлік желілерге қосылуға арналған техникалық шарттардың стандартты үлгілерін, қызмет көрсету тәртібі мен қызметкерлердің нақты іс-қимыл ретін көрсететін регламентті, реттелетін қызметтердің тізімін, тәуекелді бағалау өлшемшарттарын, сондай-ақ суармалы суды пайдалану ережелерін әзірлеп, бекітті», – делінген ресми хабарламада.