Сотталғандарды босату: Конституцияның 30 жылдығына рақымшылық жасалмақ

ҚР Парламенті Мәжілісі «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң қаралуда, – деп хабарлайды KazTaspa.kz ресми ақпаратқа сілтеме жасап.
Құжатты Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында Парламент депутаттары әзірледі.
Заңда мемлекет пен халыққа қауіп төндірмейтін қылмыстар үшін сотталғандарды босату ұсынылды. Алдын ала мәліметке сәйкес рақымшылық жасау бас бостандығынан айырылған 6 мың сотталған мен пробация есебіндегі 9 мың адамға қатысты қолданылады. Рақымшылық қолдану жайлы шешімді сот әр сотталғанға қатысты жеке қабылдайды.
«Оларға қылмыстық құқық бұзушылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар, залал келтіруге алып келмеген не оны толық өтеген ауырлығы орташа қылмыстар, сондай-ақ залалдың немесе азаматтық талап қоюдың бар-жоғына қарамастан, ауырлығы орташа қылмыс жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдар тобы жатады»,
Ал ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін өтелмеген жаза мерзімі қысқартылатын болады. Сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп алу, ысырап ету, ірі мөлшерде алаяқтық жасау бойынша сотталғандар залал мен талап-арызды толық өтесе, жазаның өтелмеген немесе орындалмаған бөлігінің мерзімдері, я болмаса мөлшері бестен бір бөлікке қысқартылады.
«Бас бостандығынан айыру орындарындағы 5,4 мың сотталған адамға және пробация қызметінің есебінде тұрған 5,5 мың адамға жазаның өтелмеген мерзімін саралап қысқарту қолданылады. Сондай-ақ әлеуметтік жағынан осал санаттағы 629 адам рақымшылыққа ілініп, оның 57-сі босатылады, 572 адамның мерзімі қысқартылады»,