Сотта Шерзат Полаттың ағасының куәгерлігі оқылды

Фото: Фотоколлаж

Талдықорғанда 16 жастағы Шерзат Полаттың қатыгездікпен бөтеннің қолынан қаза болуы бойынша сот отырысы жалғасуда, – деп хабарлайды KazTaspa.kz.


Соңғы сот отырысында прокурор Шерзат Полаттың марқұм ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың куәлік еткенін оқып берді. Ол қайғылы оқиғаның қалай өрбігені және шабуыл жасалған күні сотталушылардың қасында болған қыздардың рөлі туралы айтты.


"Көліктегі қыздардың бірі бірнеше пышақты алып шығып, бір топ жігітке тарата бастады. Кейін осы жігіттер Шерзат пен оның досына шабуыл жасады. Мұның бәрі көліктен "Чика" лақап есімді жігіт түсіп: "Жасай бер!" дегеннен соң болды. Ол жігіт кейін кетіп қалды»,  – деп айтты Нұрқанат Ғайыпбаев.

 Сондай-ақ, ол сол күні Шерзат пен айыпталушылардың бірінің арасындағы жанжалдың куәгері болғанын айтты.


«Кикілжің төбелеске ұласып, айыпталушы Шерзаттың анасын балағаттады», – деді куәгер. 


 Артынан оқиға орнына осы іске қатысы бар тағы бір адам шақырған топ жігіт келді.


"Шерзат маған жүгіріп келіп: "Аға, маған бірдеңе сұғып алды" деді. Мен оның пышақтан жарақат алғанын көрдім. – деді Нұрқанат Ғайыпбаев.

 Оның айтуынша, олар Шерзат алған жарақаттарға қарамастан оны ұрып-соғуды жалғастырған. Кейін оның өзі пышақталған, біреу басынан темірмен ұрған. Куәгер соққыны екі айыпталушы жасағанын айтты.