Солтүстік Қазақстанда су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды

Фото: ҚР ТЖМ

Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны салдарын жоюға және тасқын болу қаупін алдын алуға қатысқан ТЖМ құтқарушылары тұрақты орналасу орындарына қайтуда, – деп хабарлайды KazTaspa.kz ҚР ТЖМ сілтеме эасап.


Өңірге су тасқыны енді қауіп төндірмейді. Осы орайда Астана, Ақмола, Қостанай мен Қарағанды облыстарының ТЖД, Азаматтық қорғау академиясы мен ҚР ТЖМ әскери бөлімінен келген құтқарушылар өз базаларына оралды.


Арнайы шығарып салу рәсіміне ҚР Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов пен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Құтқарушыларға наградалар мен алғыс хаттар берілді.


Еске салсақ, олар су тасқыны шарықтап тұрған кезде Солтүстік Қазақстан облысына жіберілген. Тәулік бойы қызмет атқарған құтқарушылар Қызылжар ауданы мен Петропавл қаласы маңындағы ауылдарда қапшықтарды төседі, қорғаныс құрылыстарын нығайтты.  Ущева мен Кожевенный ауылы маңындағы бөгеттер қайта жаңғыртылды. Бұл су басу қаупін сейілтті.


«Су тасқыны толық аяқталғанға дейін өңірде СҚО ТЖД күштері, сондай-ақ Қарағанды облысынан келген ҚР ТЖМ 52859 әскери бөлімінің әскери қызметшілері су тасқыны жағдайын бақылап, қажет болған жағдайда жедел әрекет етуге дайындықты қамтамасыз етіп, қызмет атқаруды жалғастырады. ТЖМ басшысы волонтерларға, әкімдікке, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктеріне, сондай-ақ бизнес өкілдеріне бірлескен күш-жігері мен үйлесімді жұмыстары үшін алғысын білдірді», – делінген ресми хабарламада.