Шерзат Полат ісі: күдікті сұралу барысында күліп жіберген

Талдықорған қаласында соңғы айлардағы ең ауыр істердің бірі бойынша сот ісі жалғасуда. Бүгінгі сот отырысында жүрекке ауыр тиген сәт болды, – деп хабарлайды KazTaspa.kz.
Сотта марқұмның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев пен күдікті Д. Қ. арасындағы біріккен беттестіру кезіндегі бейнежазба көрсетілді.
Бейнежазбада Д. Қ. күле бастайды.
— Неге күлесің?.. Қаза болғанына күліп тұрсың ба?, — деді Шерзаттың ағасы дірілдеген дауысымен.
Бұл көрініс видеоға жазылып алынған. Айыпталушының беті жасырулы болды, алайда жазбадағы эмоцияларды жасыру мүмкін емес еді.
Осыған дейінгі сот отырысында басқа да мәліметтер жария болды. Негізгі айыпталушы А. Ш. өз кінәсін ерікті түрде мойындамағанын мәлімдеді. Ол ұсталудан кейін жігіттер өзара не айтатынын алдын ала келіскенін айтты. Қазір ол Шерзатқа тиіспегенін, тек оның ағасын пышақтағанын алға тартуда.
Сотта марқұм жасөспірімнің мәйітінің суреттері де көрсетілді. Бұл көрініс Шерзаттың жақындарына ауыр тиді.