Шерзат Полат ісі бойынша сот үкімі шығарылды

Қазақстанда Талғар қаласында жасөспірім Шерзат Полаттың қаза болуы бойынша сот ісі аяқталды, – деп хабарлайды KazTaspa.kz.
Еске салсақ, оқиға 2024 жылдың 4 қазан түні Талғар қаласында орын алған. Дүкендердің бірінің жанында төбелес шығып, қақтығыс кезінде 16 жастағы Шерзат Полат пышақталып, ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды. Тағы екі оқиға қатысушысы ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Бүгін, 5 маусым күні сот айыпталушыларға қатысты үкім шығарды.
Сотта марқұм болған жасөспірімнің туыстары, журналистер және қоғамдық бақылаушылар болды. Шерзаттың туыстары жарты жылдан астам әділдік күткен.
Сот шешімі
Абзал Шынасыл – 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі (адам өлтіру), 293-бабтың бөлігі (бұзақылық) және 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа оқталу) бойынша кінәлі деп танылды.
Равиль Сакиев – 20 жылға бас бостандығынан айырылды;
Азамат Токтаубаев – 15 жылға бас бостандығынан айырылды;
Шыңғыс Белғожаев – 7 жылға бас бостандығынан айырылды;
Дархан Әскентай – 7 жылға бас бостандығынан айырылды;
Нұрқияс Ільясов – 9 жылға бас бостандығынан айырылды;
Нұрбол Токтаубаев – 7 жылға бас бостандығынан айырылды;
Дидар Қалиахмет – 7 жылға бас бостандығынан айырылды;
Думан Ысқақ – 1 жылға 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Тергеу барысында анықталғандай, айыпталушылардың бірі – Шынасыл, Шерзат Полаттың жүрек тұсына әдейі пышақ сұққан. Бұл оқиға жасөспірімнің ата-анасы мен әжесінің көз алдында орын алған.
Жарақат алған Шерзат қашып құтылуға тырысқан, алайда небәрі 50 метр жер жүрген соң, қан жоғалту салдарынан есінен танып, жерге құлаған. Әкесі оған көмек көрсетуге тырысқанмен, баласы оның қолында жан тапсырды.
Марқұмның анасы соттан айыпталушыларға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші тараптың қорғаушылары да істі қылмыстың топпен жасалған кісі өлтіру ретінде қаралуын талап еткен.