Шерзат Полат ісі бойынша сот үкімі 5 маусымда шығарылады

2025 жылы 3 маусым күні Талдықорған қаласындағы өтіп жатқан Шерзат Полат ісі бойынша сот отырысында айыпталушыларға қашан үкім шығарылатыны айтылды, – деп хабарлайды KazTaspa.kz.
Бүгінгі сот отырысында айыпталушылардың соңғы сөзі тыңдалды. Қылмыстық істі сотта қарастыру аяқталуға жақындады. Судья Ержан Жанұзақов шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне кіріп кетті. Ал үкімді жариялау 5 маусым күні сағат 16:00-ге белгіленді.
Еске салсақ, марқұмның отбасы ең қатал жазаны талап етуде – өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе 30 жылға бас бостандығынан айыру. Тек кәселетке толмаған айыпталушыға қатысты кешірім берілгені айтылды, алайда судья қандай шешім қабылдайтыны беймәлім.
Еске салсақ, жасөспірім Шерзат Полат 2024 жылдың күзінде, 4 қазанға қараған түні Талғарда бір топ ер адамның қолынан қаза тапты. Қылмыс жасағандар тіпті оның анасының араша түскеніне мән бермей, Шерзатты қаза еткен.