Шерзат Полат ісі бойынша куәгер адам қазасы туралы хабарламаған

Талдықорғанда 16 жастағы Шерзат Полаттың қазасына қатысты сот отырысы жалғасуда. Соңғы сот отырысында куәгер Эльмира Нұрбекова сол түні болған оқиғаны айтып берді, – деп хабарлайды KazTaspa.kz.
Әйел оқиға болған сәтте тым қатты шок алып; не істеу керегін білмей қалғанын жеткізді. Адвокат ол оқиғадан кейін бірден полицияға неге хабар бермегенін сұрады.
"Мен қорқып қалдым, не болып жатқанын бірден түсіне алмадым. Дана екеуміз Талғарға жетіп алайық, содан соң полицияға бәрін айтып береміз деп ойладық",
Әйел сол сәтте эмоцияға беріліп кеткенін және әрекет етуге күш таба алмағанын айтты. Жәбірленуші жақтың қорғаушылары оның сөздеріне күмән келтірді. Сот Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық сотында өтуде.
Айыпталушылардың қатарында – тоғыз адам. Оның бірі кәмелетке толмаған. Барлығы күнәсін жоққа шығарады. Еске салсақ, 2024 жылдың қазан айының 3-інен 4-іне қараған түні Талғардағы дүкеннің жанында басталған төбелес қайғылы оқиғаға ұласты.
Шерзатқа пышақпен шабуыл жасалды. Төбелестің тағы екі қатысушысы ауыр жарақат алды.