Сенат әскерге шақыруға қатысты бірқатар өзгерістер қабылдады

Фото: Pexels

Сенат әскери қызметке қатысты заңдарға енгізілген өзгерістерді мақұлдады, – деп хабарлайды KazTaspa.kz.


Қабылданған түзетулерге сәйкес, әскери-патриоттық қызметке қатысты, оның ішінде әскерге шақыру мәселелері бойынша бірнеше маңызды өзгерістер енгізілді. Солардың бірі – әрбір білім беру деңгейінде (бакалавриат, магистратура, докторантура және т.б.) әскери қызметті бір реттік кейінге шегеру мүмкін болмақ.


Сондай-ақ, енді әскерге шақырылғандар мемлекеттік органдардан хабарламаларды автоматты түрде — eGov арқылы алатын болады.


Одан бөлек, сенаторлар патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында жергілікті және республикалық деңгейде арнайы үйлестіру кеңестерін құруды мақұлдады. Мектептер мен колледждерде әскерге шақыруға дейінгі дайындық жүргізілетін болады. Оны аяқтағаннан кейін оқушылар әскери жоғары оқу орындарына немесе келісімшарт негізіндегі қызметке жеңілдікпен түсе алады.


Сондай-ақ, мерзімді әскери қызметін өтеп шыққан азаматтар ҰБТ тапсырмай-ақ ақылы негізде жоғары оқу орнына түсе алады. Ал грантта оқып жүрген студенттер мемлекеттік қызметте грантты өтеу міндетінен босатылады.