Мылтықты Шерзат алып келді ме?: сараптама қорытындысы жарияланды

Қорғаушы тараптың бірі дискілерге жазылып алынған дәлелдемелердің стенограммасын оқып берді. Онда Нұрқанат Ғайыпбаев Шерзаттың өзі мылтық әкелгенін айтқан, – деп хабарлайды KazTaspa.kz Жоғарғы Сотқа сілтеме жасап.
Ұсынылған дискі DVDсr бейнежазбасында, екі жақты диалогта Нұрқанат Ғайыпбаевтың сөзінде мылтықты Шерзат әкелгені жайлы мағыналық компонент бар екені анықталды. Алайда, бұл сараптама сот қатысушыларында күмән туғызды.
– Қай жақтан шығарды мылтықты
Білмемйн, Шерзат алып келді, қайдан түсінген жоқпын.
x1 – Қай уақытта алып келді, ана балаларды жинап әкелуге кеткенде ма, немесе ?
Қай уақытта алып келді, ана балаларды жинап әкелуге кеткенде ма немесе ?
Иә солар келіп ...
Бұл сараптамаға жәбірленуші жақ қорғаушылары қарсылық білдірді. Адамды жасырын, жедел-іздестіру шаралары тек прокурор санкциясымен ғана жүргізілетіні келтірілді. Ал бұл жазылған бейнежазба заңсыз түрде, арнайы тапсырма аясында жасалмаған. Тергеу жүргізген адам тергеу тобына кірмеген. Одан соң, жазбаның Нұрқанат Ғайыпбаев ауруханада жатқан кезінде жасалғаны айтылады. Ол кезде оның басына зақым келіп, ол седативті дәрілер әсерінде болуы мүмкін екені алға тартылды. Денсаулығы нашар кезінде алынған жауабындағы айтқан сөздері күмән келтіретіні айтылды.
«Дәлелдемелерді жинау кезінде заңсыз алынған дәлелдемелер жарамсыз танылуы керек. 4 қазан 2024 жылы Талғар аудандық ауруханасында Ғайыпбаевты куә Әділжанмен жасырын түсірген бейнежазбаларды және хаттама мен қаулыны, стенограмманы, видеофонограмма мен сараптаманы жарамсыз деп тануды сұраймыз»,
Айыптаушы жақ та бұл сөздермен келісті:
«Жедел уәкіл жедел топқа қосылмаған, оған арнайы тапсырма бермеген. Шерзаттың ағасына құқығы түсіндірілмеген, бенежазба жасалатыны айтылмаған. Бұл бейнежазба бойынша тергеу жүргізіліп, заңдастырылмаған. Жарамсыз деп танып, дәлелдемелерден алып тастауды сұраймыз»,
Айыпталушыларды қорғаушы тарап аталған материалдар сотқа дейінгі тергеп-тексеруден өткенін, заңдастыруға қатысты сотқа дейінгі терегу мен тексеру аяқталған кезде заңдылық жағынан еш ескерту болмағанын айтты.
«Бұл бойынша стенограмма жасалды, заттай дәлелдеме деп танылды. Тұлғаның жедел тергеу тобына қосылмағаны – жедел тергеу тобы кейін құрылды. Егер де бұл заңсыз алынған дәлелдеме болса, онда істе қаралып жатқан көп жазбалар да заңсыз шығар»,
Судья бұл мәселе туралы кеңес жүретінін мәлімдеді. Бұл сараптама дәлелдемелер қатарына кіре ме, жоқ па, кейін шешілмек.