Мемлекет басшысы салық кодексі жағдайды реттеуге бағытталғанын айтты

Фото: Ақорда
ҚР Президенті Қасым Жомарт Тоқаев Шымкентке жұмыс сапарымен келді. Жергілікті жұртшылықпен кездесуінде Президент жаңа Салық кодексі туралы пікір білдірді, – деп хабарлайды Taspanews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Парламентте жаңа Салық кодексі қаралып жатқанын айтты. Бұл құжат бизнестің де, мемлекеттің де мүддесін ескереді, әрі кәсіпкерлерді салықты дұрыс төлеуге ынталандырмақ. Қосымша салық түсімдері даму бюджетін ұлғайтса, жаңа мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар салынады.
"Шын мәнінде, біз салық саясатын қатаңдатпаймыз, керісінше ретке келтіреміз. Қазіргі кодекс көп өзгеріске ұшыраған. Заңға тәуелді актілерге және жекелеген жағдайларда басқаша ереже қолданатын ерекшеліктерге толы. Кодекс оқып, түсінуге қиын құжатқа айналған. Соның салдарынан кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлер оны әрқалай қабылдап, өз уәждерін алға тартады. Қаптаған жеңілдіктер мен салық режимдері кәсіпкерлердің бір бөлігіне артықшылық берсе, тағы бірі оған наразы. Ол да негізсіз емес. Бастапқыда салық жеңілдігі экономиканың белгілі бір салалары мен бизнестің нақты санаттарын қолдау мақсатында енгізілген еді. Бірақ кәсіпкерлер жеңілдікті бас пайдасына жаратып, салықтан жалтарып, бизнестерін бөлшектей бастады. Мұндай жағдайға біз жол бере алмаймыз",
Жаңа кодекс арқылы салық жүктемесі әділетсіз бөлінбейтін болады.