Мәжіліс депутаты: «Жоғары тарифтер Қазақстандағы такси нарығын құртуда»

Қазақстанда такси агрегаторларының алатын жоғары комиссиялары туралы мәселе тағы да көтерілді – бұл ақшалар шетелдік цифрлық платформалар арқылы кетіп жатыр, – деп хабарлайды KazTaspa.kz.
Өзінің депутаттық сауалында мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов қазақстандық жүргізушілер тапқан табыстың басым бөлігі шетелге кетіп жатқанын айтты. Оның айтуынша, сервистердің өзі ел экономикасына ешқандай үлес қоспайды.
«Такси агрегаторлары жол жүру құнының 16%-на дейін, ал таксопарктер тағы 4%-ға дейін алып отырады. Жүргізушілерге өте аз үлес қалады. Комиссияны шұғыл түрде 3–5%-ға дейін төмендету керек»,
Депутат бүгінгі таңда Қазақстандағы такси нарығының басым бөлігі шетелдік қосымшалардың иелігінде екенін айтады. Ал отандық платформаларда бәсекелестікке төтеп беретін ресурс жоқ. Соның салдарынан, жүргізушілер де, жолаушылар да жоғары бағалар мен шектеулі таңдауға тап болуда.
«Бізде балама жоқ. Мейрам күндері мен ауа райы нашар кезде бағалар күрт өседі, ал шағымданатын жер жоқ. Адамдар менің қабылдауыма келіп, осы саланы ретке келтіруді сұрайды»,
Оның айтуынша, шетелдік цифрлық платформалар Қазақстанда салық төлемейді және инфрақұрылымды дамытуға қатыспайды. Олар тек ақша жинап, оны шетелге шығарады. Депутат бұл жағдай елдің ұлттық және экономикалық қауіпсіздігіне зиян тигізуде деп санайды.
Ол келесі шараларды ұсынады:
Такси агрегаторларының комиссиясын 3–5%-ға дейін төмендету;
Қазақстандық цифрлық сервистерді қолдау;
Бағаны реттеу жүйесін енгізу;
Елдің инфрақұрылымын дамыту үшін цифрлық карта жасау.
Егер бұл бастама қолдау тапса, келесі нәтижелерге қол жеткізуге болады:
Жол жүру құны төмендейді;
Жүргізушілердің табысы артады;
Отандық IT-компаниялар дамиды;
Такси нарығында адал бәсекелестік қалыптасады.