Маңғыстау облысында мектеп асханаларын тексеру аяқталды: 62 қызметкер жұмыстан шеттетілді

Pexels фото на taspanews.kz от 09 июня 2025 13:51
Фото: Pexels

Денсаулық сақтау министрлігі Маңғыстау облысындағы мектеп асханаларын тексеруді аяқтады. Нәтижесінде 66 мектептің 65-інде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың өрескел бұзылуы анықталды, – деп хабарлайды KazTaspa.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.


Жалпы құны 18 млн теңгеден астам сомаға 57 айыппұл салынды, 60 ұйғарым берілді. 62 қызметкер жұмыстан шеттетілді. 1 жағдай бойынша іс сотқа берілді.


2025 жылы 9 маусым күні Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен облысы әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысуымен мектептегі тамақтану мәселесі бойынша кеңес өткізілді.


«Бұзушылықтардың негізгі себептері - санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылардың болмауы, құжатталмаған немесе мерзімі өткен өнім, санитариялық режимді сақтамау, ыстық судың болмауы, медициналық тексерусіз және денсаулықты күнделікті бақылаусыз қызметкерлердің жұмысы, анықталған бактерия тасымалдаушылар (дизентерия, стафилококк), ыдыс-аяқ пен мүкәммалды тиісінше өңдемеу-шайындылардың 7,2%-нан ішек бактериялары анықталды», – делінген ресми хабарламада.

Тексеру кезінде Мұнайлы ауданында зардап шеккен 459 мектеп оқушысының улануына себеп болған бұзушылықтар қайталануда екені анықталды. Одан бөлек, тамақтану нысандарында білікті персонал болмаған жағдайлар тіркелді.


Еске салсақ, министрлік тарапымен білім беру нысандары жаңа тәсілмен бақыланатын болады. Тексерулер туралы алдын ала хабарлама берілмейді және нысандарды санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келтіру мақсатында мониторинг жасау енгізіледі.


Следите за новостями Taspanews