Қостанай облысында үш мұғалімнің жол апатынан қаза тапқаны бойынша сот үкімі шықты

2024 жылдың желтоқсанында Қостанай – Әулиекөл – Сұрған тас жолында Volvo жүк көлігі мен Toyota Alphard көлігі соқтығысқан. Жол апатында үш әйел қаза тапты. Олардың барлығы облыс мектептерінде мұғалім болып жұмыс істеген, – деп хвбврлайды KazTaspa.kz.
Бұл оқиғаның егжей-тегжейін осыған дейін жазған едік. 26 маусым күні жүк көлігінің жүргізушісі «Бірнеше адамның өліміне әкелген жол қозғалысы ережесін бұзу» бойынша кінәлі деп танылды. Тергеу барысында оның қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, ішінде жеті адам отырған көлікпен соқтығысқаны анықталды. Нәтижесінде, үш адам қаза тауып, тағы үшеуі жарақат алған.
Сот айыпталушының кінәсін мойындауын, өкініш білдіруін және үш кәмелетке толмаған баласының бар екенін ескерді. Оны 5 жылға бас бостандығынан айыру мен 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы тағайындалды.