Қазақстандықтар зейнетақысын бірнеше минутта есептей алатын болды

Фото: GOV.kz

 «ХҚКО» мобильді қосымшасында Қазақстан Республикасындағы зейнетақылар мен әлеуметтік жәрдемақыларды есептеуге арналған ыңғайлы әрі тиімді цифрлық сервис — калькулятор пайда болды, – деп хабарлайды KazTaspa.kz.


Бұл құрал Қазақстан тұрғындарына болашақта алатын төлемдерінің мөлшерін өз бетімен және жедел түрде бағалауға мүмкіндік береді. Қызмет іске қосылған алғашқы үш апта ішінде оны 4 470 адам пайдаланып үлгерген.


Калькулятор қызметі


Онлайн-калькулятор сегіз негізгі әлеуметтік төлем түрін қамтиды және келесі бес жағдай бойынша ақпарат береді


-        зейнетке шығу;


-        баланың дүниеге келуі;


-        мүгедектік;


-        жұмыссыз қалу;


-        асыраушысынан айырылу.


Пайдаланушылар базалық, ортақ және жинақтаушы зейнетақы мөлшерін, сондай-ақ бала күтімі, мүгедектік, жұмыссыздық және жақын адамынан айырылу бойынша төленетін жәрдемақылардың шамамен мөлшерін біле алады. Алайда бұл есептеулер алдын ала жасалады және енгізілген деректерге байланысты. Әлеуметтік төлемдердің нақты сомасы мемлекеттік уәкілетті органдар өтінішті қабылдағаннан кейін ғана бекітіледі.


Қызметті қалай пайдалануға болады?


Калькуляторды қолдану үшін:


Google Play немесе App Store қосымшасынан «ХҚКО» мобильді қосымшасын жүктеу;


биометриялық сәйкестендіру арқылы жылдам әрі қауіпсіз авторизациядан өту;


қызметтер каталогынан зейнетақы мен жәрдемақыларды есептеу бөлімін таңдау жеткілікті.


Бұл сервис цифрлық технологияларды сирек қолданатын адамдар үшін де оңай әрі түсінікті.


Келесі танымал қызмет түрі


Қазақстандықтар арасында жүргізуші куәлігіне емтиханға жазылу қызметі де кеңінен таралуда. Апта сайын шамамен 8 мың адам теориялық емтиханға, 7 мың адам практикалық емтиханға, ал 1 600-ден астам адам сынақ түріндегі практикалық емтиханға тіркеледі.


2025 жылғы мамыр айындағы жағдай бойынша, бұл қосымшаны ел аумағында 670 мыңнан астам адам жүктеп, белсенді қолдануда.