Қазақстандағы кейбір ақылы жолдар енді тегін болады

Фото: GOV.kz

Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан немесе шұңқырлар көп кездесетін ақылы жолдарда жүргізушілер енді ақы төлемейді, деп хабарлайды KazTaspa.kz Kolesa.kz сайтына сілтеме жасап.


Көлік жүргізушілері ақылы жолдарда да шұңқырлар, жол ойықтары мен бұзылған асфальтпен жиі кездесетінін айтып, наразылық білдіріп келген.


«Жол шұңқырларынан айналып өтіп, жылдамдықты азайтуға тура келсе, онда біз не үшін ақы төлейміз?»  – деп жазды әлеуметтік желі қолданушылары.

Бұл шағымдар Көлік министрлігінің назарынан тыс қалмаған. Ведомство арнайы бұйрық жобасын дайындады. Құжатқа сәйкес, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан немесе ақаулы жол учаскелері үшін ақы алынбайды.


«Егер жол жамылғысы зақымдалған немесе орташа жөндеу жүргізіліп жатса, тек жақсы жағдайдағы бөліктер үшін ғана ақы алынады. Мысалы, егер трассаның ұзындығы 100 км болса, оның 10 км-і жөндеуде болса немесе ақаулар анықталса, онда жүргізуші тек қалған 90 км үшін ғана төлейді», – деп түсіндірді министрлікте.

Алайда әзірге «ақаулы учаскелер» қалай есептелетіні нақты белгісіз. Өйткені шұңқырлар мен жарықтар бүкіл жол бойы кездесуі мүмкін. Сондықтан әрбір ақауды жеке өлшей ме, әлде тұтас аймақтарды есепке ала ма – бұл жағы әлі нақтыланбаған.