Қазақстанда жетім балаларға тәлімгер болу үшін міндетті сертификаттаудан өту қажет болады

Фото: Pexels

2025 жылы 30 сәуірде ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға тәлімгер болғысы келетін азаматтар міндетті оқуды аяқтауы қажеттігі жайлы бұйрық шығарылды, – деп хабарлайды KazTaspa.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.


Оқыту тәлімгерлікпен айналысатын ұйымдарда жүргізіледі. Білім алушылар жазбаша өтініш пен қажетті құжаттарды тапсырады. Одан соң оқыту екі аптаға жуық жүргізіледі. Оқу курсын аяқтаған соң тәлімгер тестілеуден өтеді. Нәтижелер сәтті болған жағдайда біліктілікті растайтын сертификат беріледі.


«Тәлімгер болуға үміткер — ҚР кәмелетке толған азаматы, қорғаншылар мен қамқоршыларға қойылатын талаптарға сәйкес келуі тиіс. Тәлімгерлік қызмет ақысыз түрде жүзеге асырылады және 10 жастан асқан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында тәрбиеленіп жатқан балаларға қолдау көрсетуге бағытталған», – делінген ресми хабарламада.

Қазақстанда тәлімгерлік институты 2024 жылы енгізілген. Бұл – жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауға және өздігімен өмір сүріп кетуіне ықпал етуге бағытталған шара.