Қазақстанда жаңа Су кодексі енгізілді: тасқын су қалай пайдаланылмақ?

Қазақстандағы жаңа Су кодексінде тасқын мен еріген суды жинап, құрғақшылық кезіне сақтау қарастырылды, – деп хабарлайды KazTaspa.kz ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Тасқын судың су айдындарына бағытталуы қамтамасыз етіледі.
Одан бөлек, ауыл шаруашылығында тазартылған немесе тұщытылған теңіз суы қолданылатын болады. Су үнемдеу технологиялары пайдаланылады.
«Сонымен қатар енді су пайдаланушылар ауылшаруашылық қажеттіліктері үшін еріген қар суын өз бетінше және арнайы рұқсатсыз жинай алады. Ол үшін көлемі 2 млн текше метрден аспайтын тоған, су қоймасы немесе басқа да қойма салып, бұл нысанды тіркеу үшін бассейн инспекциясына хабар беруі қажет»,
Сонымен қатар, жаңа Су кодексінде «су қауіпсіздігі» және «экологиялық ағын» атты жаңа ұғымдар күшіне енді. «Су қауіпсіздігі» ұғымы су тапшылығы мен су көздерінің ластануын қорғау, трансшекаралық су ресурстарын қорғауда ел мүддесін алға қоюды меңзейді. Ал «экологиялық ағын» ұғымы өзен, көл, теңіздердің экожүйелерін сақтау үшін қажет ең төменгі су деңгейін білдіреді.
Жаңа кодекс су ресурстарын басқарудың бас және бассейндік жоспарларын әзірлеуді алға қояды. Сонымен қатар, су ресурстарын басқаруда халық өз үлесін қоса алатын болады. Су бассейндері бойынша құрылған кеңестерде су пайдалануды шектеу, су тасқыны мен қуаңшылықтың алдын алу, билік өкілдерінің қатесін түзету жайлы ұсыныстар қарастырылады.
Су айдындарын қорғауда жаңа талаптар пайда болды:
«Ең алдымен шағын өзендер мен көлдерге баса назар аударылған. Атап айтқанда, енді шағын өзендерге тұйық бөгеттер салуға болмайды. Сулы-батпақты алқаптар мен мұздықтар да арнайы қорғауға алынады. Ал жергілікті атқарушы органдар екі жыл ішінде барлық елді мекендегі су қорғау аймақтары мен белдеулерін айқындауға тиіс»,