Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы портал құрылды

Фото: Pexels

Қазақстанда сыбайлас жемқорлық туралы хабарлауға болатын портал іске қосылды. Мұны Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен біріге ұйымдастырды, – деп хабарлайды Taspanews.kz Antikor сілтеме жасап.


Портал сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ақпаратты бір ресурста жүйелеу үшін құрылды.


Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралармен кез-келген адам таныса алатын болады. Одан бөлек, пайдаланушылар қызықты саласы бойынша оқу курстарын өте алады. Ол арқылы онлайн тестілеу және сертификат алуға болады.


Әлеуметтану саласындағы зерттеулер аясында сауалнамадан өтуге болады. Оның нәтижесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларға түзетулер енгізу мен олардың тиімділігін зерттеуде қолданылады.


"Профилактикалық жұмысты күшейту мақсатында, бұл ресурста «Сыбайлас жемқорлық картограммасы» қамтылған, онда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне шалдыққан лауазымдар тізімі және мемлекеттік органдар мен өңірлер бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы қамтылған. Жұмыс жасап жүрген волонтерлер мен ұйымдар туралы ақпарат беретін волонтерлік қызметке арналған бөлім сондай-ақ Порталдың маңызды элементі болып табылады. Ниет білдірушілер ерікті ретінде кандидатураны қарау үшін сауалнама жолдай алады", – делінген ресми хабарламада.