Қазақстанда өндірістік жарақат алу көрсеткіші төмендеді

Мемлекет басшысы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповамен әлеуметтік даму, еңбек қатынастары жағдайы туралы кездесу өткізді, – деп хабарлайды KazTaspa.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Өз баяндамасында министр 2025 жылдың басынан 1 мамырға дейін 157.8 мың ҚР азаматына қатысты еңбекпен қамту шаралары жүргізілгенін атап өтті.
143,2 мың адам жұмысқа орналасқан. 232 мыңнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алды.
Сонымен қатар, өндірістік жарақат алу көрсеткіші жылдың І тоқсанында 17 пайызға төмендеді. Адам қазасы бойынша оқиғалар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға азайды.
Одан бөлек, кәсіптік тәуекелдерді анықтау, алдын алу, еңбек қатынастарын декларациялау тетіктерінің автоматтандырылған жүйесін енгізу, цифрландыру жайлы мәлімет берілді.
Президент әлеуметтік саясатты жетілдіру, атаулы көмек тиімділігін арттыру, жұмыспен қамтуды кеңейту, цифрландыру аясында тапсырмалар берді.