Қазақстанда кәсіби біліктілігін арттырған жаттықтырушы педагогтар үстемақы алатын болады

Қазақстанда спорт бойынша жаттықтырушы педагогтарды кәсіби біліктілігін арттыруға ынталандыру мақсатында қосымша үстемақы енгізу жұмысы басталды, – деп хабарлайды Taspanews.kz ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстандық стандарттарға сай оқу-жаттығу үдерісін жүргізіп, арнайы біліктілік тестінен өткен жаттықтырушыларға 2026 жылдан бастап ай сайынғы лауазымдық жалақысының 30%-ы көлемінде қосымша ақы төленеді.
Қазақстанда дене шынықтыру және спорт саласының қызметкерлері – жаттықтырушылар, әдіскерлер мен нұсқаушылардың базалық еңбекақысы 2022 жылдан бері тұрақты өсіп келеді. 2025 жылы көрсеткіш 100%-ға жетті.
Одан бөлек, спорттық бағыттағы педагог қызметкерлердің жалақысы 2020 жылдан бастап жыл сайын 25%-ға өскен. Өсім 2024 жылы 100%-ға жетті.
Спорт саласындағы жаттықтырушылар мен нұсқаушылардың жалақысын арттыру Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді.