Қазақстанда бюджет шығындары оңтайландырылады

Depositphotos фото на taspanews.kz от 29 апреля 2025 21:20
Фото: Depositphotos

Қазақстан Республикасы Премьер-министрі орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында елде мемлекеттік шығыстарды оңтайландыру аясында басты назар өнімсіз және тиімсіз шығындарды қысқартуға аударылатыны туралы сөз қозғалды, – деп хабарлайды Taspanews.kz ҚР Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап.


Мұндай тиімсіз шығындарға семинарлар, көрмелер мен конференциялар ұйымдастыру, консалтингтік қызметтер, әкімшілік ғимараттар салу, көлік құралдарын сатып алу және күрделі шығындар жатады.


«Республикалық бюджет пен жалпы сипаттағы трансферттер туралы заң жобаларын әзірлеу жаңа Бюджет кодексінің ережелерін ескере отырып жүргізілуде. Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері орталық мемлекеттік органдармен және өңірлермен бірлесіп осы құжаттарды дайындауға кірісті», - делінген ресми хабарламада.

Сонымен қатар, республикалық бюджеттен бұрын бөлінген нысаналы трансферттердің шығыстары жергілікті бюджеттердің шығыс базасына сәйкестігі нақтылануда.


«Бұл ретте олар салалық саясатқа және өңірлік стандарттар жүйесінің көрсеткіштеріне (елді мекендерде болуы тиіс әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандары мен қызметтерінің ең төменгі тізбесі) сәйкес тексерілуде», - делінген ресми хабарламада.

Серік Жұманғарин бюджет параметрлерін жаңа талаптарға сай талдап, нәтиже ұсынуды тапсырды.


Следите за новостями Taspanews