Қазақстанда бағбандар толыққанды институт құру үшін дербес заң сұратуда
Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен бау-бақша серіктестерін мемлекеттік қолдау бойынша мәселелер қаралған дөңгелек үстел өтті, –деп хабарлайды Taspanews.kz ҚР Парламенті Мәжілісіне сілтеме жасап.
Осыған арналған заң жобасымен жұмыс аясында бағбаншылықпен айналысатын адамдар үшін қолайлы жағдай жасау арналған нормалар көзделуде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асатын заң жобасы бау-бақша және саяжай серіктестіктерінің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Онда бағбаншылықпен айналысатын азаматтарға қолайлы жағдай жасауға арналған нормалар көзделіп отыр. Осы мәселер бойынша 2024-2030 жылдарға арналған Жол картасы аясында жер телімдерін түгендеу жұмыстары жүргізіліп, саяжай массивтерінің аумақтары нақтыланып, инфрақұрылым нысандарын қайта қалпына келтіру қажеттілігі зерттелуде.
"Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, азаматтарды инженерлік-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылым мәселелері алаңдатуда. Бағбандардың айтуынша, серіктестіктерінің құқықтық мәртебесі әлі де нақты айқындалмаған. Осыған орай олар бағбандық пен оған жақын салалардың (бақша, ара шаруашылықтары және т.б.) толыққанды институтын құру үшін дербес заң қабылдауды ұсынады",
Осы орайда, дөңгелек үстел барысында бау-бақша жерлерін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер санатынан шығару, инженерлік желілерді мемлекеттік құрылымдардың балансына өткізу мен бау-бақша және саяжай құрылыстары мен жер телімдеріне меншік құқығын жеңілдетілген тәртіппен рәсімдеу секілді ұсыныстар келтірілді.
Одан бөлек, саяжай кооперативтерінің корпоративтік табыс салығын төлеу тәртібі, электр қуаты тарифтері, әлеуметтік инфрақұрылымға қолжетімділік мәселелері алға тартылды. Айтылған ұсыныстар заң жобасын қарау кезінде ескерілмек.