Қазақстанда ауа райы қайта нашарлайды

Қазақстанға қайтадан тұрақсыз ауа райы оралады. Жылы күндерді жаңбыр, найзағай және екпінді жел алмастырады. Синоптиктер келтірген мәліметке сай, алдағы күндері ел аумағы белсенді циклондардың ықпалында болады, – деп хабарлайды KazTaspa.kz "ҚазГидроМет" РМК сілтеме жасап.
Қай өңірлерде найзағай, бұршақ пен дауыл болады
20–22 мамыр аралығында еліміздің көп бөлігінде жаңбыр мен найзағай күтіледі. Кей өңірлерде бұршақ, екпінді жел және дауыл болуы мүмкін.
Алматы мен Түркістан облыстарында, сондай-ақ оңтүстік пен оңтүстік-шығыста шаңды дауылдар болжанып отыр.
Нөсер жаңбыр:
20 мамыр түнінде – Батыс Қазақстан облысында;
22 мамыр күні – Ақтөбе облысында.
Тұман оңтүстік-батыс пен шығыста байқалып, жолдарда көріну қиындайды.
Ауа температурасы:
Батыс және солтүстік-батыс: +15…+25°С дейін төмендейді;
Солтүстік: +20…+29°С дейін жылынады;
Орталық және шығыс: +22…+33°С;
Оңтүстік: аптап ыстық – +38°С дейін;
Оңтүстік-шығыс: +22…+30°С-тан +30…+38°С дейін күрт ысиды.