Cемей қаласының 65 жасар тұрғынынан қару тәркіленді

Фото: Облыстық ПД

Абай облысы, Семей қаласы тұрғыны заңмен тыйым салынған заттарды сақтаған, – деп хабарлайды KazTaspa.kz облыстық ПД сілтеме жасап.


Тұрғынның қару ұстайтыны туралы ақпарат облыстық Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына келіп түскені белгілі. Күдікті 65 жасар қала тұрғыны болып шықты.


Тінту барысында үй пышағына ұқсас зат пен травматикалық тапанша анықталды.


«Сараптама нәтижесінде аталған қару — 18х45 мм калибрлі, зауытта жасалған, атуға жарамды «ОСА» кешенінің «ПБ-4» моделіндегі травматикалық тапанша екені белгілі болды. Сонымен қатар, дәл осы калибрге тиесілі екі оқ-дәрі де тәркіленіп, олардың да пайдалануға жарамды екені анықталды», – делінген ресми хабарламада.

Қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау дерегі бойынша ҚР Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды.