БҚО-да бес бала көмірқышқыл газынан уланып көз жұмды

ҚР ТЖМ фото на taspanews.kz от 10 июня 2025 15:32
Фото: ҚР ТЖМ

Жымпиты ауылындағы жеке тұрғын үйден шыққан өрт салдарынан бес бала қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, орын алған жағдайға көмірқышқыл газынан улану себеп болды. Қайтыс болған балалардың бірі 1,5 жасқа жетпеген, – деп хабарлайды KazTaspa.kz.


Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай бұл отбасы көп балалы отбасы ретінде тіркелгенін жеткізді. Отбасы ай сайын бала 1,5 жасқа толғанға дейін күтіміне арналған жәрдемақы және көп балалы отбасыларға арналған көмек алып отырған. Жалпы сомасы – айына шамамен 134 мың теңге.


«Қазіргі таңда көмек жергілікті бюджет және қайырымдылық қорлары есебінен көрсетілуде. Заңнамада баласынан айырылған аналарға арнайы жәрдемақы қарастырылмаған», – деп түсіндірді ол.


Оның айтуынша, өрт түнде орын алды. Балалар құтқарушылар келгенге дейін көз жұмды.


«Өрт туралы қоңырау төтенше қызметке түнгі он екі шамасында түсті. Өрт сөндірушілер бес минут ішінде жеткенімен, балаларды құтқару мүмкін болмады – олар көмірқышқыл газынан уланып қалған», – деді спикер.


Қайғылы оқиғаның себебі ретінде жылыту жүйесінің ақауы немесе желдетудің болмауы қарастырылуда. Қазіргі кезде тергеу жұмыстары жүргізілуде.


Виктория Шегайдың айтуы бойынша, жергілікті билік органдары отбасыға баспана және қажетті көмек көрсетуге уәде берді.


«Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бұл отбасыға жаңа үй беріліп, психологиялық және материалдық көмек көрсетілетінін айтты», – деді ол.


Следите за новостями Taspanews