Байқоңыр туристік орынға айналады

Байқоңыр ғарыш айлағында болып көру – көпшіліктің арманы. Бұрын бұл қолжетпес арман болып көрінсе, енді ол туризм нысанына айналуы мүмкін, – деп хабарлайды KazTaspa.kz.
Kazakh Tourism компаниясы осы аңызға айналған кешенде туризмді дамыту тұжырымдамасын таныстырды. Жоба Baikonur: From Silk Way to Milky Way атты стратегиялық сессия аясында талқыланды. Оған туризм саласының мамандары, ғалымдар, бизнес өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер қатысты.
Көптеген маңызды мәселелер қаралды:
– Байқоңырды тек ұшырылым күндері ғана емес, аралық кезеңде де қызықты ету жолдары;
– Инфрақұрылымды жаңарту, жаңа экскурсия түрлерін ойлап табу;
– Байқоңыр туралы әлемге қалай жария ету керек.
«Мақсатымыз – Байқоңырды жаһандық орталыққа айналдыру. Мұнда ғарышқа, ғылымға қызығатын немесе ерекше әсер іздейтін адамдар келе алады», – деді Kazakh Tourism басқарма төрағасы Қайрат Садвақасов.
Болашақта ғарыштық мұраны еліміздің болашағымен ұштастырып, мәдени, білім беру және оқиғалық туризм элементтерімен толықтыру көзделіп отыр.
«Байқоңыр – Қазақстанның ғарыштық тарихы мен болашағы тоғысатын нүкте. Біз мұнда білім беру бағдарламалары, мәдени дипломатия және бірегей туристік өнімдері бар жаһандық платформа құруды көздеп отырмыз. Ерекше назарды ұшырылым арасындағы турларға аударамыз – бұл тұрақты туристік ағын қалыптастыруға және инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайтуға көмектеседі», – деді ол.
Жоспарлар тек сөз жүзінде қалмауы үшін консорциум құрылды. Оның құрамына Kazakh Tourism мен ҚР Цифрлық даму министрлігінің Аэрокосмостық комитетіне қарайтын «Инфракос» РМК кіреді.