Астанадағы жатақхана өртінен кейін тұрғындарға жаңа пәтерлер беріледі

Астана қаласы, Бұланты көшесі бойындағы отбасылық жатақханадағы өрттен кейін тұрғындарға жаңа пәтерлер берілмек, – деп хабарлайды Taspanews.kz Сарыарқа ауданы әкімінің аппаратына сілтеме жасап.
Тұрғындар апта ішінде жаңа пәтерлерге көшіріледі. Азық-түлік пен басқа да қажетті заттармен қамтамасыз ету іске асуда. Әкімдік аппараты тұрғындар үшін қаражат жинаудың қажеті жоқ екенін атап өтті.
Еске салсақ, 2025 жылы 9 сәуір күні Астана қаласы, Бұланты көшесі бойында 6 қабатты жатақхананың жоғарғы қабаты – заттар сақтайтын аумағы өртенді. ТЖМ құтқарушылары келіп жеткенде қабат толықтай өртке оранды. Газ-түтіннен қорғау қызметі барлау жұмыстарын бастаған. Құтқарушылар 50 адамды сыртқа шығарды, оның жетеуі балалар болды. Қалған 490 адам ғимараттан өздігімен шықты.
Қазіргі таңда тұрғындар уақытша орналастыру пунктінде. Кешке қонақ үйлерге көшіріледі.
Бұрынырақ жатақхана апатты етіп танылып, 2025 жылы бұзу бағдарламасына енгізілген.