Астанадағы оқу орталығына қылмыстық іс қозғалды

Ivyborg.ru фото на taspanews.kz от 20 мая 2025 16:43
Фото: Ivyborg.ru

Астанада жеке «Ғасыр» оқу орталығына қатысты үлкен дау туындады. Оқушылардың ата-аналары полицияға ұжымдық шағым түсіріп, алаяқтық болғанын мәлімдеді – олар балаларын шетелдік ЖОО-ларға дайындау курсына ақы төлеген, алайда орталық күтпеген жерден жабылып, қызметкерлері жоғалып кеткен, – деп хабарлайды KazTaspa.kz.


Астана қалалық полиция департаментінің мәліметіне сай, бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалды.


«Азаматтар оқу орталығымен келісімшарт жасап, ақы төледі, бірақ уәде етілген қызметтерді алмады. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр, іс департамент басшылығының бақылауында», – деп хабарлады полиция.

Ата-аналар шошынып қалған: бірі соңғы ақшасын берген, енді бірі несие алып төлеген. Кейін орталық жұмысын кенеттен тоқтатты – есігі жабық, ішкі бөлмелер бос, ал мұғалімдер заттарын асығыс жинап кетіп қалған.


«Сабаққа келсек – ешкім жоқ. Басшысы жоғалып кеткен. Ақша да, білім де жоқ. Үмітіміз үзіліп отыр», – дейді бір ана.

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл жағдайға пікір білдіріп, жекеменшік қосымша оқу орталықтарының лицензияланбайтынын еске салды.


«Қазір біз жекеменшік мектепке дейінгі мекемелерді лицензиялау мәселесін қарап жатырмыз. Ал қосымша білім беру орталықтары мемлекет тарапынан бақылауға жатпайды. Сондықтан ата-аналар мұқият болуы тиіс – мұндай ұйымдарға қатысты министрлік те, әкімдік те бақылау жасай алмайды»,  – деді министр.

Оның айтуынша, егер қоғам тарапынан сұраныс болса, лицензиялау мәселесі депутаттармен талқылауға шығарылуы мүмкін. Қазіргі таңда зардап шеккендерге полиция мен прокуратураға жүгіну ұсынылады. Белгілі болғандай, «Ғасыр» оқу орталығы тұрғын үй кешеніндегі жалдамалы ғимаратта орналасқан. Көршілердің айтуынша, соңғы күндері орталық қызметкерлері заттарын асығыс жинап кеткен, ал кейін ғимарат бос қалған.Алдын ала мәлімет бойынша, ондаған отбасы зардап шеккен, кейбіреуі 300 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін ақша төлеген.


Следите за новостями Taspanews