Астанада Жүрек ырғағы орталығы жұмыс істей бастады

Фото: Pexels

Астана қаласы, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының базасында Жүрек ырғағы орталығы жұмысын бастады. Осы орайда, клиникаға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жұмыс сапарымен келіп, орталықтың маңызын атап өтті, – деп хабарлайды Taspanews.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.


Жүрек ырғағы орталығында күрделі аритмиялар кезінде 3D-навигациялық картография мен радиожиілік амбляция, сымсыз кардиостимуляторларды импланттау, импульстік өріс (электропорация) арқылы амбляция, КДИ, CRTD мен басқа құрылғыларды орнату, эндокардиалды құрылғыларды алып тастау сияқты емшаралар жүргізіледі.


«Мұнда телемедицина мен қашықтан бақылау технологиялары енгізілуде, бұл имплантацияланған құрылғылары бар пациенттерді қашықтан бақылауға, күрделі жағдайларды онлайн-консультациялауға, аритмиясы бар пациенттерді сапалы әрі үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді», – делінген ресми хабарламада.

Министр Жүрек ырғағы орталығы шалғай өңірлердегі пациенттер үшін жоғары деңгейдегі медициналық көмектің қолжетімділігін арттыратынын атап өтті.


Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы ел бойынша жедел жәрдем қызметін үйлестіретін, медициналық авиация арқылы көмек көрсетуді жүзеге асыратын, көпбейінді бірегей ауруханасы бар кластер ретінде белгілі. Осылайша, Жүрек ырғағы орталығының мұнда ашылуы ел бойынша шұғыл көмекті одан әрі қолжетімді ете түспек.


«Жүрек ырғағы орталығының ашылуы – халықты диагностика мен емдеудің заманауи әдістеріне қолжетімділікпен қамтамасыз ететін, кадрлар даярлауды және телемедициналық инфрақұрылымды дамытуды көздейтін аритмология қызметінің дамуына жасалған маңызды қадам», – делінген ресми хабарламада.