Астана үйлену тойы бойынша рекорд орнатты

Shutterstock фото на taspanews.kz от 22 мая 2025 09:44
Фото: Shutterstock

21 мамыр күні Астанада ерекше рәсім өтті – бірден 25 жұптың некесі бір мезетте қиылды. Бұл шара елімізде алғаш рет аталып өткен Іс-шаралар ұйымдастырушылар күніне орай өткізілді, – деп хабарлайды Taspanews.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.


Жаппай неке қию идеясын елорданың жетекші ивент (іс-шара)-ұйымдастырушылар ұсынған. Олар бұл бастаманы тек жас жұбайларды құттықтау үшін ғана емес, сонымен қатар іс-шаралар индустриясының қоғам өміріндегі маңызын көрсету мақсатында ұйымдастырды.


«Салтанатты іс-шара алаңында 500-ден астам адам жиналды – той жүргізушілері, безендірушілер, флористер, әртістер, фотографтар, блогерлер мен рестораторлар. Атмосфера мерекелік, жылы әрі махаббатқа толы болды. Үйлену тойы тек жас жұбайлардың санымен емес, үш бірдей рекордпен есте қалды. Бұл рекордтарды Қазақстан рекордтар кітабы – «Кинэс» ресми түрде тіркеді», – деп хабарлайды телеарна.

Орнатылған рекордтар:


- қыз ұзатуға арналған ең ұзын ақ жол – 50 метрден астам;


-бір уақытта беташар өткізу: он тамада бір мезетте 25 қалыңдыққа беташар жасады;


-бір жерде өткен ең ауқымды неке қию рәсімі. Қйымдастырушылар бұл – тек бастамасы екеніне сенімді. Мерекенің бастамашыларының бірі Азамат Имашевтің айтуынша, бүгінгі қазақ тойы – қоғамдағы мәдени өзгерістердің айқын белгісіне айналуда.


«Мен мәдениет пен іс-шаралар индустриясының жаңа деңгейге көтеріліп жатқанын байқап отырмын. Бұл енді жай ғана той емес, қоғамға пайда әкелетін тұтас жобаларға айналып отыр», – деді ол.

Ұйымдастырушылар бұл шараны жыл сайынғы дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр. Мақсат – жас жұбайларды шабыттандырып, қазақтың салт-дәстүрлерінің сұлулығын көрсету.


Төмендегі бейнероликтен осы салтанатты рәсімнің әсерлі сәттерін көре аласыз –эмоциялар, қуанышты жүздер мен шынайы махаббат байқалады.


«Астана» телеарнасы
Следите за новостями Taspanews