Алматы әуежайына баратын жол түнгі уақытта жабылады

Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметі жолаушылар мен әуежай қонақтары үшін маңызды ақпарат таратты, – деп хабарлайды KazTaspa.kz.
2025 жылдың мамыр айының 20-нан 21-не қараған түні Ахметов көшесінде жоспарлы жол жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылады. «2025 жылдың 20 мамыры сағат 22:00-ден 21 мамырдың сағат 06:00-ге дейін Ахметов көшесінің бір бөлігі (№1А үйден Майлин көшесіне дейінгі аралық) жол жөндеу жұмыстарына байланысты толығымен жабылады. Осы уақыт аралығында Ахметов көшесі арқылы әуежайға кіріп-шығу уақытша мүмкін болмайды», – делінген ресми хабарламада.Кешігулер мен кептелістерді болдырмау үшін жолаушыларға жол бағытын алдын ала жоспарлау ұсынылады. Бұқтырма көшесі арқылы немесе Майлин көшесі жағынан негізгі кіреберісті пайдалану ұсынылады.