Ақтауда он қыз біріге әкесіне мерейтойға пәтер сыйлады

Фото: Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығы

Маңғыстау облысында жүрек тебірентерлік оқиға болды: он әпкелі-сіңілі бірігіп, әкесі Шалғын Өтеғұловқа 60 жылдық мерейтойына ұмытылмас сый жасады, – деп хабарлайды KazTaspa.kz Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.


Қыздары оған Ақтаудан жаңа пәтер алып берді. Қыздар бұл сыйға ақшаны бір жылдан астам уақыт бойы жинаған. 


«Әкеміз бізді асырау үшін таңнан кешке дейін еңбек етті. Бұл оңай емес, себебі біз — қарапайым ауылдағы отбасынан шыққан он бір баламыз. Ата-анамыз әлі күнге дейін ауылда мал бағады. Алайда, барлық қиындықтарға қарамастан, олар бізге махаббат, қамқорлық пен тәрбие сыйлады»,  – деді үлкен қызы Жақсыгүл.

Шалғын Өтеғұлов өзін бақытты әке сезінетінін айтты. Оның он керемет қызы және кенже ұлы бар. Айта кетсек, бұл оның балаларынан алған бірінші тосын сыйы емес. 2021 жылы қыздары әкелеріне көлік сыйлаған. Енді балалары ата-аналарын жайлы баспанамен қамтамасыз ететін уақыт келді деп шешкен.