Абай облысында 5 сынып оқушылары робот құрастырды

Абай облысы, Аягөз аудандағы ауылда қазақ мектеп-лицейінде білім алатын 5-сынып оқушылары су арналарындағы қоқысты автоматты түрде тазартатын робот жасады, – деп хабарлайды KazTaspa.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
5 сынып оқушылары – Ерсұлтан Жұматай, Әмірхан Сапиев пен Әкежан Берікқазы өз жобасында экология, инженерия және робототехника сабақтарынан алған білімдерін негіз етті. Олар «Жалын» деп аталатын роботты құрастырды. Бұл робот су арнасын тұрмыстық қалдықтар мен жапырақтардан тазартуға қабілетті.
Жобаны жасау барысында оқушылар әр қадамды өздігімен орындап шыққан. Одан бөлек, механикалық тазарту қағидалары мен бағдарламалаудың негіздерін зерттеді.
«Бізге бұл идея Президентіміздің «Таза Қазақстан» бастамасының арқасында келді. Роботымыз туған ауылымызда тазалықты сақтауға көмектессе дейміз. Ал болашақта қоқысты жинап қана қоймай, оны сұрыптай алатын мини-робот жасауды жоспарлап отырмыз»,
Жоба 2024 жылы FIRST Championship аймақтық кезеңінде жоғары бағаланып, үздік ондыққа енді. Жас робототехниктер Core Values Winner номинациясында жаңашылдық пен командалық жұмысы үшін марапатқа ие болды.