Ұлттық банк «реттеуші құмсалғышты» іске қоспақ

Фото: Ortcom.kz

Қазақстанда цифрлық ақша әлемінде жаңа кезең басталмақ. Елдің Ұлттық банкі криптовалюта мен цифрлық активтер нарығын реттеуді бастайтынын жариялады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов жуырда өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды KazTaspa.kz.


Қаржы реттеушісінің өкілі айтуынша, Ұлттық банк басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, цифрлық қаржы активтерінің мәртебесін заңмен бекітіп, инвесторлардан бастап криптобиржалар мен валюта алмастырғышқа дейін барлығына ортақ «ойын ережелерін» айқындайтын заңнамалық өзгерістер топтамасын дайындаған.


Заңнамалық өзгерістер екі негізгі бағытқа бөлінеді:


токендер мен криптовалюталар сияқты цифрлық активтерді заң жүзінде мойындау. Енді олардың мәртебесі нақты анықталады, бұл бизнес пен пайдаланушылар үшін құқықтық тәуекелдерді азайтады;


кепілсіз криптовалюталармен жұмыс істейтін криптобиржалар мен айырбастау қызметтерін лицензиялау. Бұл дегеніміз, барлық криптовалюта айырбастау сервистері ресми рұқсат алуы тиіс, бұл алаяқтықты азайтып, пайдаланушылардың қаражатын қорғауға көмектеседі.


Жаңашылдықтардың ерекшелігі – «реттеуші құмсалғыштың» (регуляторная песочница) іске қосылуы.


Бұл – компаниялар жаңа қаржылық технологиялар мен криптоқызметтерді заң бұзбай, қауіпсіз түрде сынақтан өткізе алатын арнайы платформа.


«Біз цифрлық қаржы саласында инновациялардың дамуына жағдай жасап отырмыз, бірақ сонымен бірге пайдаланушылардың мүддесін қорғауға баса мән береміз»,  – деп атап өтті Берік Шолпанқұлов.

Қазақстанда криптовалюталарды реттеу келесі нәтижелерге жол ашады:


цифрлық активтер нарығын тәртіпке келтіру;


заңды инвесторларды тарту;


алаяқтық тәуекелдерін азайту;


жаңа қаржы технологияларының дамуына қолайлы орта құру.