Әлемдік дағдарыс күшейсе Қазақстан Ұлттық қор резерві мен алтын валюта қорын қолданбақ
Жаһандық ахуал кезінде, сауда соғысының өршуі салдарынан күрделі жағдай туды. Елдердің бір-біріне қарсы тарифтер енгізуі әлем экономикасына түрткі болуы мүмкін. Осы орайда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әр қадамды мұқият ойластыру қажетін айтты, – деп хабарлайды Taspanews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Президент қаңтар-наурыз айларында ішкі жалпы өнімнің өсімі 5,8% болғанын мәлімдеді.
«Бұл – қазіргі күрделі жағдайда өте жақсы көрсеткіш деп күмәнсіз айтуға болады. Ұлттық экономикамыз негізінен көлік саласы, құрылыс саласы, өнеркәсіп және сауда-саттық есебінен дамып жатқанын атап өткім келеді. Бұл – өте маңызды жетістік»,
Сонымен қатар, Президент әлемдік дағдарыс күшейсе, Қазақстан Ұлттық қор резерві мен алтын валюта қорын қолдана алатынын жеткізді. Кәсіпкерлерден белсенділік күтетінін айтып, ел болып бірігу қажеттілігінің маңызын түсіндірді.
Еске салсақ, жаһандық сауда соғысы жүруде. Әлем бойынша күрделі ахуал қалыптасуда. Осы орайда, Президент Дональд Трамп елдердің ұстанымын нақтылап, келіссөз бастау үшін 90 күн мораторий жариялады. Қазақстан мұны құптады. Осы орайда президент сын-қатерге қатысты пікір білдірді:
«Сарапшылар елдердің бір-біріне қарсы тарифтер енгізуі әлем экономикасының құлдырауына түрткі болып, халықаралық сауда-саттықтың бүкіл ережесін тас-талқан етуі, тіпті, оның соңы қарулы қақтығыстарға дейін ұласуы мүмкін деп ескертеді. Апта басында барлық негізгі индекстердің мәні төмендеп, мұнай бағамы барреліне 60 доллардан аспады. Алайда Америка билігі тарифтерді кейінге қалдыру туралы шешімін жариялаған соң, биржадағы бағалар өсті. Қазір жағдай біршама тұрақталғаны байқалғанымен, әлемдік қор нарығы мен шикізат биржалары бұрын-соңды болмаған мазасыз күйге түсіп тұр. Әлемнің қатаң тарифтік қақтығыстар саясатына көшкені анық. Әңгіме кезекті рецессия жайында ғана емес, жаһандық экономиканың іргесін шайқап, халықаралық қатынастар жүйесіне ауыр зардабын тигізетін дағдарысқа бет алғанымызда болып отыр. Ешбір қиындыққа қарамастан, Қазақстан жан-жақты жаңғыру жолынан ауытқымайды, стратегиялық бағдарымыз да өзгермейді. Біз инфрақұрылым, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және басқа да бағыттар бойынша ірі жобаларымызды жүзеге асыра береміз»,
Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасы көлік саласы, құрылыс пен өнеркәсіп, сауда-саттық есебінен дамып жатқанын айтып, мұның өзі қазіргі ахуал кезінде маңызды жетістік екеніне тоқталды.